22 Шілде, 2016

Өмірден түңілме, жас өрен!

654 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
suicid Өзіне қол жұмсау қай уақытта да қылмысқа теңелген. Діни ұғымда жанықас, жанкешті адам күнәкар саналып, жаназа шығарылмай жазаланған, ертеде халқымыз ондайларды ата-баба бейітінен бөлек жерлеген. Қостанай облысында 2016 жылдың алғашқы төрт айында 10 жасөспірім өмірмен қош ай­тысуға бел буған. Оның 8-і тірі қалып, екеуі көз жұмды. Ал өткен 2015 жылы 38 бала суицидке барған. Оның ішінде 23 жасөспірім өз өмірін қиюға оқталғанымен, әупіріммен тірі қалған, 15-і өзіне қол жұмсады. Қазан ұрмай, қар жаумай солған гүлдей құлаған осы жасөспірімдердің ең кішкентайы 12 жастағы қыз бала, ер балалардың ең кішісі 14-те ғана. Өзіне қол жұмсаған он бестің төртеуі қыз, 11-і ұл. Әдетте суицидтен кейін жұрт­тың барлығы да баланың не үшін мұндай жантүршіктірер қа­дамға барғаны туралы ойлайды. Ювеналдық полиция анықтаған себептер түрлі-түрлі. Оның кейбірі жасөспірімдердің өмірді тым үстірт қабылдағанынан деп түсінсек, кейбір оқиғалардың жұм­бағын өмірден баз кешкен бала о дүниеге өзімен бірге алып кеткендей көрінеді. Жарық дүниемен қош айтысқан балалардың еш­қайсысынан ересектердің немесе өз қатарластарының ақ­ша бопса­лауы, қорлауы, зор­лығы секілді өлімге итер­­ген қылмыстық сипаттағы сырт­қы күш байқалмаған. Мысалы, 2015 жылы өзіне қол жұмсаған он бес жасөспірімнің екеуі түсінісе ал­маған алғашқы махаббат сезі­мінің құрбанына айналған. Үш жасөспірімнің өліміне анасының қайтуы, жаңа қоныстың ұнамауы, ауысқан жаңа мектепте оқығысы келмеуі себеп болғандығы анық­талған. Бір суицид оқиғасын поли­цейлер алдында екі бірдей ағасы өзіне қол жұмсағандықтан, тұқымқуалаушылық деген қоры­тындыға келген. Өзіне қол жұм­саған үш жасөспірімнің өліміне суи­цидті насихаттаған, өзге әлемге деген қызығушылық, бұл өмірден кетудің нұсқаулығын пайдалану секілді интернет материалдары себеп болған. 2015 жылы суицидтік оқиғадан тірі қалған 23 баланың 10-ы махаббаттың әлегінен өмір­мен қоштасқысы келген. 8 оқиғаға өзінің жақындарымен, анасымен, сыныптастарымен ренжісуі себеп көрінеді. Үш жасөспірім сабаққа нашарлықтан осындай қатерлі қадамға барған. Екі бала интернеттегі суреттен ке­йін өмірден кеткісі келіпті. Биылғы төрт айда да тұрақсыз пси­хика, махаббат қызғанышы, айналасындағылармен реніштен кейінгі жан жарасы жасөспірімдер­ді өлімге итермелеудің басты се­бе­біне айналыпты. Ювеналдық по­лиция қызметкерлерінің сараптауынша, өткен жылы суицидке ұмтылғандардың басым бөлігі қыздар болғанымен, өзіне қол салып, опат болған жасөспірімдердің 70 пайызы, яғни 9-ы ұл бала. – Қыз балалар көбіне айналасын қорқытады, өзіне назар аудартады, бірақ өзін өлімге қи­ып жіберуге түбегейлі шешім қа­былдай қоймайды. Ал ұлдар негізінен ойына келген ісін орындап тынады, – дейді облыстық ішкі істер департаменті жергілікті поли­ция қызметі ювеналдық полиция бөлімінің бастығы, полиция капитаны Гүлмира Лежнина. Жасөспірімдер осындай қа­терлі қадамға барғанда оқи­­­­­­ға орнына алдымен полиция қыз­­­меткерлері жетеді. Олар оқиғаны тіркейді, марқұмның немесе өзіне өзі қол жұмсап, бі­рақ аман қалған жасөспірімнің айналасындағыларды сұрауға алып, оның себебін анықтауға тырысады. Мұның барлығы да оқиғада қылмыстық сипат бол­ған-болмағанын анықтау үшін жүргізіледі. Ал жасөспірімдер арасында болатын суицидтің алдын алу, профилактикалық жұмыстар жүргізу білім беру және денсаулық сақтау саласының еншісінде екені белгілі. Ювеналдық полиция қызметкерлерінің айтуынша, профилактикалық жұмыстар жеткілікті жүргізілмейді, тіпті жоқтың қасы. Бала өзімен өзі, қиын­дықпен бетпе-бет келіп, психологиялық тығырыққа тіре­леді. Оған әлеуметтік, от­басылық, психологиялық фактор­лардың барлығы қосылады. Мұндай балаға ата-ананың, сынып жетекшісінің, психологтың, әлеуметтік педа­гогтың, тіпті ай­наласындағы жақын адам­дардың, құрбыларының назары, күннің шуағындай мейі­рімі жетпей қалады екен. Жасөс­пірімдер суицидке негізінен 15-16 жас ара­лығында ұрынады екен. Алай­да, соңғы жылдары оның тым «жасарғандығы» да байқалады. Өткен жылы Қостанай қаласында он екі жасар Г. асылып қалған. Бұ­ған дейін оның анасы қайтыс болады да, 3-4 жастағы егіз сің­лісі үшеуі қалады. Оларды анасының Қостанай қаласын­да тұратын туысқан сіңлісі қам­қор­лығына алады. Кішкентай қыз балаға анасының өлімі, өзге қаладан қоныс аударуы, бұрын араласпаған туысымен бірге тұруы, мектеп ауыстыруы психологиялық соққы болғанын айналасы сезбеген тәрізді. Суық тиіп ауырған Г. төрт күн мектепке бармайды. Қам­қорлыққа алған нағашы апасы егіз сіңлілерін кешке бала бақ­ша­дан алып келгенде Г. есік ашпайды. Есікті сыртынан аша алмаған әйел учаскелік инспекторды шақырып, үйге кіргенде қыздың кіреберістегі турникке өз шарфына асылып тұр­ғанын көреді. – Болары болып, бояуы сің­геннен кейін білім беру, ден­саулық сақтау саласы қыз­меткерлері жас­өспірімдердің мұндай қадамға баруының себебін тездетіп зерттей бастайды. Ондай жұмысты баланың аманында бастаған дұрыс болар еді. Мысалы, оқушы бір емес бірнеше күн мектепке бармаған соң, сынып жетекшісі, әлеуметтік педагог оның үйіне барып, баланың халін білсе, күтімін көрсе болмайтын ба еді? Анасынан айырылып, тіпті, бөтен ортаға түскен баланың ішкі күйзелісін педагогтар түсіне алмады, – дейді Гүлмира Николаевна. Жасөспірімдер арасында болатын суицидтік оқиғалармен жиі бетбе-бет келетін, өзекті өртейтін өкініштердің куәсі болып жүрген Гүлмира Лежнина білім беру саласында көптеген жұмыстар есеп беру үшін жасалатынын жасырмады. Өткен жылы Әулиекөл ауданында 14 жастағы А. деген оқушы өзіне қол жұмсады. Бір уыс дәрі ішіп қойған баланы дәрігерлер аман алып қалды. Полицейлер оны суицид ретінде тіркеген. Өзіне қол жұмсаған жасөспірімді міндетті түрді психологиялық, психоневрологиялық тексерулерден өткізуге кеңес беріледі. – Алайда, білім беру саласынан тексеру жүргізіліп, прокура­турада баланың бір уыс дәрі ішкенін суицидтік қадам емес деп дәлелдейді. Баланың фельдшер болып қызмет істейтін анасы да оның суық тиіп ауырғанда дәріні қателіктен ішіп қойғанын айтады. 20 түйір дәріні 3 жасар бала аузына салып қойса сенуге болар, ал 14 жастағы жасөспірім не ішіп, не қоятынын білуге тиіс емес пе? Жасырып, жауырды жаба тоқудың соңы неге соқты деңіз? Бір айдан кейін А. асылып қалды. Егер бірінші жағдайдан кейін баланы психиатр маманға жібергенде, жалпы баланы бақылауға алып, онымен жұмыс істегенде мұндай қайғы орын алмас еді, – дейді Гүлмира Николаевна. – Суицидтен кейін тірі қал­­ған­дарға міндетті түр­де пси­хо­логиялық және психи­ат­риялық көмек көрсетілуі керек. Өзіне қол жұмсағандардың барлығы бірдей психиатриялық ауру емес. Оларды сол уақыттағы жағдай, жүйкесінің шаршауы, торығу қасіретті қадамға апарады. Біздің ауруханаға келген адам кешенді тексеруден өтеді, ал депрессияға, яғни торығуға ұшы­рағандарды емдеп жазамыз. Торығу емделмесе ол адам үшін өмірдің мәні жоғала береді, алдағы уақытта бәрібір қасіретке әкеп соғуы ықтимал, – дейді облыстық психиатриялық аурухананың психологиялық қызмет меңгерушісі Галина Ислямова. Ал маманның айтуына қарағанда, суицидтік жағдайдан кейін психолог пен психиатр маманға бару-бармауы торыққан адамның өзінің еркінде. Кеңес одағы ке­зінде өзіне қол жұмсап тірі қалғандардың психиатриялық ауруханада қаралуы міндеттелінетін. Ал қазіргі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы ко­­­дексінде бұл туралы бір ауыз сөз жоқ. Балалардың арасындағы әлеу­меттік теңсіздік те оларды қауіпті қадамдарға итермелейтін тәрізді. Әлеуметтік тұрмыс дең­гейіміз жо­­ғарылады дегені­мізбен, ауыл мен қаланың айыр­машылығы өте алшақ. Ол, әсіресе, жұмыс табу, ең­бек­ақыны уақтылы ала алмау секілді экономикалық мәселелердің тұр­мысқа түскен көлеңкесінен анық байқалады. Алайда, бұл білім беру саласы қызметкерлерінің та­­рапынан ескеріле бермейді. Колледждерде білім алып жат­қан балалардың көпшілігі ауылдық жерлерден келеді. Көпжылдық тарихы бар Қостанай педагогикалық колледжінде де оқушылардың 75 пайызы ауылдан келген.Тек педагогика колледжінде ғана емес, барлық арнайы орта оқу орындарында жетім қалған және әлеуметтік аз қор­ғалған отбасыларының балаларына тегін жатақханада тұру, тағы басқадай жеңілдіктер оқу орнының мүмкіндігіне қарай көрсетіледі. Дегенмен, нақты кө­мек әлеуметтік аз қорғалған отбасы туралы анықтамасы барларға беріледі. Қостанай облысында үстіміздегі тоқсан көрсеткіші бо­йынша, отбасының табысы оның әр мүшесіне шаққанда 7 539 теңгеден келгенде ғана ол кедейлік шегінде тіркеледі. Ауылда хал-қадерінше жұмыс істейтін, мал ұстайтын адамдар үшін әлеуметтік аз қорғалған отбасы болып тіркелудің өзі олардың намысына тиеді. Бірақ ауыл адам­­­дарының қолына еңбекақы көбіне уақтылы тимейді, шаруа­шылықтар оны көбінесе жем-шөп­­пен, отынмен беріп, діңкесін құртады. Ал халқымызда «Бала жеңі­не қарап өседі» деген сөз бар. Жеңі­нің жыр­тығы баланың көңілін де, ішкі әле­мін де жыртық етеді деген сөз бұл. «Әлеуметтік аз қорғалған от­басыларының балаларына де­меушілік арқылы болса да қаржы тауып, қалам, қағаз дегендей қа­же­тін алып берсек, олар алмайды, «берсеңіз бәріне беріңіз, мен жеке алмаймын» деп намыстанады», дейді Қостанай педагоги­ка колледжінің директоры Ғалия Оразымбетова. Міне, білдей бір педагогикалық оқу орнын басқарып отырған адамның сөзінен әлеуметтік теңсіздікті жүрегінен өткізетін жасөспірімнің ішкі жан күйзелісін сезуге болады. Биыл наурыз айында осы Қостанай педагогикалық колледжінің оқу­шысы Е. көпқабатты тұрғын үйдің 8-қабатынан секіріп кетті. Әй­теуір, періште қағып, аман қалды. Қазір Ақмола облысының Есіл ауданындағы Московское селосында тұратын ата-анасының қолында емделіп жатыр. Ата-ана­сы ауылда жұмыс істейді, бірақ еңбекақысы уақтылы қолға ти­мегендіктен көп нәрсе оралымға келе бермейтінін жасырмайды. Е. инс­титутта оқитын студент апасымен бірге пәтер жалдап тұрған. Ақшасы аз студенттер әдетте, пәтер иесімен бірге тұрады. Оқу жылы басталған қыркүйек айынан наурызға дейін олар үш рет пәтер ауыстырады. Пәтер жайлы болса қыстың көзі қырауда қыз балалар көшіп, қона бермес еді, әрине. Топ кураторы Бақыт Сыздықова қыркүйек айында бір рет барып, Е-нің жағдайын көреді, одан кейін ат ізін салмайды. Қанша ақысын төлеп тұрғанымен кісі есігі ата-ана бауырынан шықпаған жас қызға суық болатынын айтып жатудың өзі артық. Е. апасы екеуі үш бөлмелі ескі, тар пәтерде кішкентай екі егіз қызы бар жас отбасымен, олардың туысымен бірге тұрады. Түнімен балалар жылайды, шулайды, ерлі-зайыптылардың жиілеген ұрыс-керісі олардың сабаққа дайындалуына да, өздеріне қарауына да кедергі болғаны айтпаса да түсінікті. Ауыл мектебінде белсенді, тіпті 7-ші сыныпқа дейін үздік оқыған қыздың колледжге келген соң оқуы да нашарлаған. Жасөспірім қызды суицидке итермелеген себеп те құрбыларының «шашың май болып жүреді, өзіңе қарамайсың» деген секілді сөзінен ушыққан көрінеді. Құрбысының сөзін кіді алған Е. оның телефонын тығып қояды, мұны топтағы қыздар ұрлыққа жориды. Ауылдағы жоқ-жұқана отбасынан келген, әлі кәмелетке толмаған қыз қаланың жылдам ырғақты тіршілігіне бірден ілесе алмайды, арасы алшақ пәтер мен колледж арасында жүріп шаршайды да. Осындайда Е. секілді ауыл­дан, ата-анадан алыс, тіпті басқа облыстан келген жасөспірімдерді оқу орнының жатақханасында тұруға неге міндеттемеске деген ой келеді. Оңы-солын танып болмаған жасөспірім ұстаздардың көз алдында жүреді ғой. Тәрбие жұмысы тек күндізгі оқу үдерісінде ғана емес, жатақханада да жалғасын тапса, болашақ ұстаздардың нағыз бейнесі колледжден бастап қалыптасар еді. Алайда, министрлік тарапынан колледждердегі кәме­летке толмаған оқушыларды жатақ­­­ханамен қам­тамасыз ету­ді міндеттеу туралы мұндай нұс­қаулық­тың жоқ екені рас. Аға ұрпақ өкілдерінен оқу орнының жатақханасын жастық шақтың жұмақ мекеніне теңеп айтқан әңгімелерді жиі естуге болады. Ал көптеген оқу орындарының жатақханалары бүгінгі күн талабынан шықпайды. Қолайлы жағдай болмаған соң студенттердің өздері жатақханаға тұруға ықы­лас білдіре қоймайды. Оған мысал да бар. Қостанай педагогика колледжінің жатақханасында тұратын жасөспірім оқушыларды басшылық дәретхана жууға мәж­бүрлейтінін, ол үшін қажетті ұнтақ пен сабын секілді санитарлық заттардың барлығын оқушылар өз қалтасынан шы­ға­ратынын, сәл кінәсі бар оқушыларға қыс айларында мұз ойдырып, қар күретіп қоятынын қалай түсінуге болады? Баланы жазалау тәрбие көзі емес екенін педагогика ұжымы білмегенде кімнен сұрауға болады? Ұлттық экономика министрінің 2014 жылдың 29 желтоқсанындағы №179 бұйрығының 6-тарауы, 119-тармағында тәрбиеленушілер мен оқушыларды білім ошағындағы санитарлық тораптарды тазалауға тартуға болмайтыны айтылған. Дәретхана жуу секілді санитарлық тазалық жұмыстары үшін тех­ни­калық қызметкердің базалық жалақысына 30 пайыз үстеме қосылатынын колледж директоры неге білмей қалды? Журналистік зерттеу жасау үшін жатақхананы аралағанда осының барлығын колледж басшылығының көрер көзге жасырып, өтірік айтқандығы таңғалдырады. Мұндай «ішкі мәселелер» сыртқа шықпас үшін оқушыларды да өтірік айтуға итермелейді. Жатақханада өзге адам­дардың отбасыларымен тұрып жатқанын да оқу орнының басшылығы қашанғы жасырар екен? «Айды етекпен жауып болмайды» деген ғой, жасырғанмен, сол үшін қарамағындағыларды қуғындап, уысында ұстағанмен кем­шілік азая ма? Міне, осындай көріністердің барлығы да жасөспірімдер түгілі ересектердің жүйкесіне салмақ салмасына, оны депрессияға ұшыратпауына кім кепілдік береді? Соңғы жылдары жасөспірім­дер арасындағы суицидтік оқиға­лар­дың жиілеуіне ғаламтор ма­те­риалдарының «үлесі» жан түршіктіреді. Қостанай облыстық прокуратурасының мәліметін­ше, интернеттен тек 2016 жылы ғана суицидті насихаттаған 13 топ желіге шыға алмайтындай оқ­шауландырылған. Онда Ресей мен Қазақстанды қоса алғанда 12039 жасөспірім тіркелген, оның ішінде 310 баланың Қостанай облысынан екені анықталған. Облыстық және қалалық прокуратура интернетте осындай топтардың, сайт­тардың барлығын өткен жылы анықтап, облыстық білім беру бас­қармасын хабардар еткен болатын. Өткен жылдың қарашасынан А.Байтұрсынов атындағы Қоста­най мемлекеттік университетіндегі Ақпараттандыру және білім сапасын бағалау орталығының маманы суицидті насихаттайтын сайттарды мониторингілеу ісімен айналысады. Жақында облыстық прокуратура жанындағы Консультативтік кеңесте облыстағы суицидке қарсы профилактикалық жұмыстардың толық және дер уақытында жүзеге асуы жайында мәселе қаралды. Облыста жыл бойы жол-көлік оқиғасынан, қылмыскерлердің қолынан қаза тапқандар мен суға кеткендерді қоса есептегенде, олардан өзіне қол жұмсағандардың саны екі есе асып түскендігі анық­талған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Қазақстан суицидтік оқиға деңгейі ең жоғары елдер қатарынан орын алады. Елімізде жылына өзіне қол жұмсағандар 100 мың адамға шаққанда 27 адамнан келеді екен. Өткен жылы облыс өңірінде 365 адам өзіне қол жұмсап, өмірмен қош айтысқан. Сонда күніне бір адамнан келмей ме? Ал өзіне қол жұмсап тірі қалғандар мұнан екі еседен аса көп. Прокуратурадағы тексеру жұмыстары көрсеткендей, жалпы алғанда облыста суицид оқиғалары азайғаны білінбейді. Бұл осы жамандықтың алдын алу және профилактикалық жұмыстардың төмендігімен тікелей байланысты. Әлемдік тәжірибеде суицид­ке қарсы профилактикалық жұ­мыстарды мектеп базасында жүр­­гізу жақсы нәтиже береді. Мұндай жұмыстар негізінен психолог маманға тиесілі екені белгілі, алайда, оған мектеп, колледждер басшылығы тарапынан қолдау-көмек жеткілікті бола бермейді. Облыстағы мектептердің үштен бірінде психологтың жеке кабинеті жоқ. Облыста барлығы 382 психолог-педагогтар болса, соның 3 пайызы ғана жоғары санатты маман екен, 65 пайызы санат дегенді білмейді, біліктілік деңгейі өте төмен деген сөз. Мектептерде 37 психолог маманның орны бос тұр, ал Амангелді, Жангелдин, Қарасу, Сарыкөл, Науырзым, Ұзынкөл аудандарында психиатр дәрігер жоқ. Суицидке қарсы про­филак­тикалық жұмыстар кешенді, жан-жақты жүргізіліп, білім беру, денсаулық саласы, ата-ана, ішкі істер органы, жастар ұйымдары тізе қосса баланың да, ересектің де басына төнген қатер серпілер ме еді. Сонда ғана Жаратқан иеміз әр пендесіне бір-ақ рет беретін өмір тамұқ емес, оның мазмұны қиындықты жеңумен, күреспен байи түсетіндігін жарық дүниеден баз кешетіндердің жүрегіне жет­кізуге болар, бәлкім. Ажал аузынан қалған әр адам байлығымыз. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ